2019 жылы «Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру» жобасының аясында «KMF-Демеу» қоры бедерлі-нүктелі Брайль қарпімен* басып шығарылған «11 сабақ» брошюраларын өңірлерде таратуды жалғастырды.
2018 жылы орыс тіліндегі алғашқы 8 данасы Алматы қ. көзі көрмейтін және нашар көретін адамдар үшін кітапханаға және қоғамдық қорға берілгенін еске саламыз.
Биыл KMF қызметкерлері орыс және қазақ тілдерінде 17 брошюра жиынтығын зағип жандарға арналған мамандандырылған кітапханаларға, арнайы мектеп-интернаттарға, соқырлар қоғамына табыстады. Брошюра алған ұйымдар Алматы, Павлодар, Екібастұз, Щучинск, Қостанай, Тараз, Шымкент, Қызылорда қалаларында орналасқан. Оқу материалдарының әрбір жинағы он көлемді брошюрадан тұрады.
Шымкент қаласындағы көзі көрмейтін және нашар көретін зағип азаматтарға арналған кітапханада «Ордабасы» бөлімшесінің бастығы Салтанат Ибрагимова кітапхана қызметкерлеріне «11 сабақ» оқу материалын қысқаша таныстырып өтті, өйткені ұйымның барлық дерлік қызметкерлерінің көру мүмкіндіктері шектелген. Таныстыру барысында Салтанат КМF қызметі, соның ішінде әлеуметтік жобалар туралы да айтып берді.
Қостанай кітапханасына брошюраларды табыстау кезінде қызметкерлер мекемеде қаржылық білім бойынша мұндай әдебиеттің бұрын-соңды болмағандығын айтып, көзі көрмейтін зағип жандар үшін арнайы осындай материалдарды тегін шығаратын ұйымдардың бар екеніне таң қалды. Кітапхананың барлық қызметкерлері осындай пайдалы оқу құралдары үшін үлкен алғыс білдірді.
«Келешекте нақты шешімдерді әзірлеу және қолдану арқылы әрбір адамның қаржылық сауаттылықты арттыру жобасына, сондай-ақ қоғамдық өмірге тең құқылы қатысуына мүмкіндік беретін басқа да әлеуметтік жобаларға ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмылдыру процесін жалғастыруды жоспарлап отырмыз» - деп мәлімдеді Асель Шегебаева, «KMF-Демеу» Қорының Бас директоры.
«KMF-Демеу» Қоры шығарған, Брайль қарпімен басып шығарылған қазақ тіліндегі қаржылық сауаттылық бойынша брошюра – Қазақстандағы осы тектес алғашқы оқулық екендігін атап өтуге болады.
* Брайль қарпі(фр. Braille) — көзі көрмейтін және нашар көретін зағип адамдардың жазуына және оқуына арналған бедерлі-нүктелі тактильті қаріп.Оны етікшінің ұлы, француз Луи Брайль (фр. Louis Braille) 1824 жылы ойлап тапты. Луи үш жасында әкесінің шеберханасында қайыс тілетін пышақпен бір көзін зақымдап алады; көзі қабынып, бала қос жанарын да жоғалтады. 15 жасында Луи артиллерия капитанының «түнгі қарпінің» қарапайымдылығына тәнті болып, Валентин Гаюидің бедерлі-сызықты шрифтіне балама ретінде өзінің бедерлі-нүктелі қарпін құрады.